15 ақп, 2023 сағат 09:27

Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі құрбандарының саны артты

Фото: gov.tr

Түркия мен Сириядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 40 мыңнан асты, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы Al Jazeera сайтына сілтеме жасап.

Түркия билігі 35 418 адамның мәйітін тапқанын айтса, Сирия билігі 5 800-ден аса адам қаза болғанын мәлімдеді.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған үйінді астынан 8 мыңнан аса адам тірі шығарылғанын жеткізді.

Айта кетейік, Халықаралық көші-қон ұйымының гуманитарлық жүк тиелген 10 көлігі Түркиядан Сирияның солтүстік-батысына Баб-эль-Салам бақылау-өткізу бекеті арқылы өтті.

"7,8 балдық жер сілкінісінен кейін 200 сағаттан аса уақытта үйінділер астында қалғандарды табу үміті сөнгендіктен, басты назар аман қалғандардың көп бөлігін тамақпен және баспанамен қамтамасыз етуге аударылды", деп жазады агенттік.

БҰҰ мәліметінше, жер сілкінісінен кейін Сирияда 5,3 миллионға жуық адам баспанасыз қалуы мүмкін. Түркия мен Сирияда 900 мыңға жуық адам шұғыл түрде ыстық тамаққа мұқтаж.