28 ақп, 2023 сағат 12:12

Түркиядағы жер сілкінісі: 110 адам зардап шеккен

Фото:pik.bg

27 ақпанда Түркияның Малатия провинциясында 5,6 баллдық жер сілкінісі болды. Салдарынан 1 адам қаза тауып, 110 адам зардап шекті. Үйінді астынан 32 адам құтқарылды.

Бұл туралы Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою басқармасының (Afad) басшысы Юнус Сезер хабарлады, - деп жазады Анадолу порталы.

Оның айтуынша, зілзаладан 29 тұрғын үй құлаған. Ал іздеу-құтқару операциясына 657 адам жұмылдырылған.

Юнус Сезер түркиялықтарға бүлінген үйлерге жақындамау керектігін ескертті.

"Апат аймағында тұратын барлық азаматтың ұялы телефонына тиісті СМС-хабарлама келіп түсті. Жер сілкінісі әлі де жалғасып жатыр, зақымдалған үйлер құлап кетуі мүмкін", - деп ескертті ол.

Айта кетейік, AFAD-тың жер сілкіністері және қауіп-қатерді азайту жөніндегі бас директоры Орхан Татар аймақта соңғы үш аптада төрт жер сілкінісі, сондай-ақ магнитудасы 5,0-ден 6,0-ге дейін болатын 45-тен аса жер сілкінісі болғанын айтты.