14 қаң, 2026 сағат 10:57

Үкімет геологиялық барлауға 240 млрд теңге бөлді

Фото: Gov.kz

100 мың шаршы шақырым жалпы алаңда 1:50.000 масштабты геологиялық түсірілім жүргізуге 20 жобаны жүзеге асыру үшін, сондай-ақ аз зерттелген шөгінді бассейндер аумағында сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуге, қазіргі заманғы геологиялық инфрақұрылымды құруға Қазақстан Үкіметі таяудағы үш жылда 240 млрд теңге немесе шамамен $500 млн бағыттау жоспарланып отыр, жалпы соңғы 15 жылда $469 млн салынды, деп хабарлайды Ult.kz.

Жобаларға Жерді қашықтықтан зондтау деректерін талдау, аэрогеофизикалық және геохимиялық зерттеулер, далалық жұмыстар кешені кіреді.

Учаскелер тізбесін қалыптастыру кезінде қорлардың сарқылу факторлары, жер қойнауын пайдаланушылардың болмауы не ең аз саны және пайдалы қазбалардың басым түрлері бойынша перспективалылығы ескерілді. Нәтижесінде мыс, алтын, қорғасын, мырыш, сирек жер элементтері, барит, боксит кен орындарын анықтау бойынша әлеуеті жоғары алаңдар анықталды.

Бұдан бөлек, аз зерттелген мұнай-газ перспективалы – Солтүстік Торғай, Шу-Сарысу және Сырдария бассейндерінде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ зертханалық-талдамалық базаны жаңғырту және геологиялық деректерді цифрландыру көзделуде.

Осы масштабта жер қойнауын геологиялық зерттеуге көшу Еуропалық Одақ, Канада, Австралия, Қытай елдерінің халықаралық тәжірибесіне сәйкес келетін геологиялық болжамдардың дәлдігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Аймақтық картаға егжей-тегжейлі түсіру перспективалы аумақтарды анықтау, геологиялық және инвестициялық тәуекелдерді азайту және кейіннен геологиялық барлау мен пайдалы қазбаларды өндіруге жеке инвестицияларды тарту үшін базалық негіз болады.