Фото: Үкімет
Премьер-министр Олжас Бектенов орынбасары Серік Жұманғаринге жаңа Салық кодексін мүдделі топтармен қайта пысықтап шығуды тапсырды, деп хабарлайды Ult.kz.
- Жаңа Салық кодексі өзгермейтін қағидалардың жиынтығы ретінде қабылданбауы керек, бұл туралы Президент ерекше атап өтті. Серік Мақашұлы, осыған байланысты сізге жұртшылық пен бизнес тарапынан келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, мұқият талдауды тапсырамын. «Атамекен» Ұлттық палатасының өкілдерін, экономистер мен сарапшыларды тарта отырып, жүйелі әрі үйлесімді жұмыс жасауы керек. Бүгін Үкіметте осындай алғашқы кездесу өткізесіз, - деді ол Үкімет отырысында.
Бұл іске өңірлер де тартылмақ.
- Өңірлерді де осы жұмысқа белсенді тарту қажет. Қоғамның көтеріп отырған мәселелерін жедел қарау керек. Нәтижесі бойынша нақты ұсыныстар енгізіңіз, - деді Олжас Бектенов.
Еске салсақ, кешегі Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексін қолдану кезінде жұрттың сын-ұсыныстары мұқият зерделеніп, қажет болған жағдайда түзетулер енгізілетінін айтқан еді.
