Фото: Ukimet
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында салық реформасы мәселесі қаралды. Олжас Бектенов осы аптада өңірлерде кәсіпкерлердің, мәслихат депутаттары мен сарапшылардың қатысуымен талқылауды жалғастыру керек деп тапсырды. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.
Талқылау қорытындысы бойынша Салық кодексінің жобасына түзетулер 20 ақпанға дейін Мәжілістің қарауына енгізіледі.
«Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде салық реформасын кәсіпкерлермен, депутаттармен және сарапшылармен бірге егжей-тегжейлі талқылауды тапсырды», — деді Олжас Бектенов.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады. Мәселен, биылғы 10 ақпанда «Атамекен» палатасымен және кәсіпкерлермен сараланған мөлшерлемелер, арнайы салық режимдері, ҚҚС бойынша есепке қою шегі мәселелері талқыланды.
Серік Жұманғарин ҚҚС мөлшерлемесін салалар бойынша саралаумен 12%-дан 16%-ға дейін ұлғайту, арнаулы салық режимдерін реформалау, ҚҚС бойынша міндетті тіркеу есебіне қою үшін шекті 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылып отырғанын айтты. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы үшін 10% төмендетілген мөлшерлеме ұсынылады.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші заңды тұлғалар бюджетке төлеуге тиісті ҚҚС-ның 30%-ын төлейтін. Енді олар төлемейтін болады.
«Жалпы ұсыныстарды қолдаймыз. Осы аптада өңірлерге барып, халықтың барлық санаттарымен егжей-тегжейлі талқылау керек. Мен де Астанада және өңірлерге барып, талқылаулар өткіземін. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша Салық кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобасына түзетулерді 20 ақпанға дейін Мәжіліске енгізу керек. Ары қарай Мәжілісте талқылауды жалғастырамыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бүгіннен бастап өңірлердегі бизнес-қоғамдастықпен Үкіметтің бастамаларын талқылайтын алты жұмыс тобының жұмысы басталады. Қазіргі уақытта топтар өңірлерге шығып, жергілікті жерлерде бизнеспен кездесулер өткізуде.
Айта кетейік, Президент отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырған еді.