Фото: 1Tv.ge
Украина президенті кеңсесінің бұрынғы басшысы Андрей Ермак отставкадан соң және тінту жүргізілгеннен кейін майданға баруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz Unian агенттігіне сілтеме жасап.
28 қарашада БАҚ Андрий Ермактың үкіметтік кварталда үйінде тінту жүргізілгенін хабарлаған еді. «Украинская правда» жазғандай, тінтуді Украина Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюросы мен Арнайы сыбайлас жемқорлыққа қарсы прокуратура қызметкерлері жүргізген.
Сол күні-ақ Украина президенті Владимир Зеленский Ермакты қызметінен босатты. Зеленскийдің айтуынша, Ермак отставка туралы өтініш жазған және президент кеңсесін өзгерістер күтіп тұр.
Енді Unian дерегінше, Ермак «майданға баратынын» мәлімдеді. БАҚ оның бұл сөзін отставкаға кеткенінен бірнеше сағат өткен соң айтқанын атап өтеді.
«Мен майданға аттанамын және кез келген қысымға дайынмын. Мен – адал, ар-ұяты бар адаммын. (...) Мені масқара етті, әрі менің ар-намысыма қорған болмады, 2022 жылғы 24 ақпаннан бері Киевте жүргеніме қарамастан. Сондықтан Зеленскийге қиындық тудырғым келмейді – майданға кетемін», – деп келтіреді басылым Ермактың сөзін.
Сонымен қатар, басылым оның енді байланысқа шыға алмауы мүмкін екенін алдын ала ескерткенін жазады. Алайда Ермак қашан және қандай форматта алдыңғы шепке баруды жоспарлап отырғанын, сондай-ақ Украина Қарулы күштеріне қосыла ма, жоқ па – нақтылаған жоқ.
Айта кетейік, 10 қарашада Украина Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюросы энергетика саласындағы ірі көлемдегі қаржы жымқыру схемасын әшкерелегенін және бұл іске қатысты адамдардың сөйлесулерінің аудиожазбаларын жариялағанын хабарлаған болатын.
