23 қаң, 2026 сағат 15:41

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтады

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде, ±1 пайыздық тармақ дәлізімен сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкі баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Ult.kz.

Ведомство дерегінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 12,3% болды (болжам – 12–13%). Инфляцияға ең үлкен үлесті азық-түлік бағасының өсуі қосты – 13,5%. Әсіресе ет пен сары май бағасының қымбаттауы өндіріс шығындарының артуымен және экспорт көлемінің жоғары болуымен түсіндірілді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,1%, ақылы қызметтер бағасының өсімі 12% деңгейінде қалыптасты.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, инфляция әлі де ішкі сұраныстың ұсыныс мүмкіндіктерінен жоғары болу жағдайында қалыптасуда. Тарифтік реформа мен жанар-жағармай нарығын ырықтандырудың жанама әсерлері баға мен инфляциялық күтулерге ықпал етуді жалғастырып отыр. Халықтың бір жыл алға инфляциялық күтулері 14,7%-ға дейін өскен, ал нарықтың кәсіби қатысушыларының 2026 жылға болжамы 10,8%-ға жеткен.