31 қаң, 2026 сағат 13:16

Ұлттық қор: Балаларға 130 доллардан аударылды


Фото: freepik


Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында 18 жасқа дейінгі (қоса алғанда) балаларға кезекті нысаналы төлемдер есептелгенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.


Таратылған хабарламаға сәйкес, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында 2025 жылғы қорытындысы бойынша әрбір баланың шотына 130,71 АҚШ доллары есептелген. 2025 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны 6 918 656 бала болды.


"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылды. 2024 жылы әр балаға есептелген сома 100,52 АҚШ доллар болған. 2025 жылы 129,38 АҚШ доллары есептелген.


Ұлттық банкте балаларға есептелетін қаражат жыл сайын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының ұзақ мерзімді инвестициялық кірісінің жартысы есебінен қалыптасатынын және бұл тікелей қордың валюталық активтерінің көлеміне байланысты екенін еске салды. Сонымен қатар, алдыңғы жылдары балалардың шоттарына есептелген қаражат бала 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қордың портфелінде инвестициялануын жалғастырып, қосымша табыс әкеледі.


Бағдарлама іске асқан 3 жыл ішінде (инвестициялық табысты қоса есептегенде) бір балаға шаққандағы жалпы жинақталған сома - 370,56 АҚШ доллар. Тиісті ақпарат 31 қаңтарда eGov mobile мобильді қосымшасында және kids.enpf.kz сайтында қолжетімді болады.