13 мам, 2022 сағат 14:35

“Үйіңде дуа бар”: Қазығұрт тұрғыны өзбекстандық әйелдерге алданып қалған


Қазығұртта тұрғынның алтыны мен ақшасын көз алдында алдап алып кеткен өзбекстандық екі әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

12 мамыр күндізгі уақытта Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің пультіне жергілікті тұрғын шағымданып, екі әйелге алданғанын, олар гипноз арқылы көз алдында алтындарын жымқырып кеткенін айтқан.

Егде жастағы әйелдің айтуынша, оның үйіне өзге ұлтты екі әйел келген. Олар жәбірленушіге үйіңде дуа бар, соны тазалап береміз деген желеумен өздерінің тазалау әрекеттерін жасап, осы аралықта тұрғынның алтын алқасын, саусағындағы алтын сақинасы мен 100 мың теңгеден аса ақшасын қолды еткен. Олар кеткен бойда есін жинаған әйел бірден полицияға хабарласып, алаяқтарды ұстауға көмектесуін сұрайды.

"Тәжірибелі полицейлер жәбірленушінің айтқан белгілері бойынша жедел іске кірісіп, барлық қажетті шараларды жасады. Олардың мініп келген көлігі туралы үлкен трасса бойындағы патрульдік полиция қызметкерлеріне хабарлады. Осылайша жолдарды патрульдеп жүрген Түркістан облысының патрульдік полиция батальонының алтыншы взвод қызметкерлері аталған күдіктілер мінген Lada Priora көлігінің ізіне түсті. Жарты сағаттай жүріп, көлікті тауып, соңынан қуып жетіп, тоқтатты.

Ал көлік ішіндегі әйелдер полицейлерді көрген бетте қаша жөнелген. Полицейлер бірден әрқайсысы әр жаққа қашқан әйелдерді түгелімен ұстады. Аталған күдікті екі әйелден алаяқтық жолмен алынған алтындар мен ақша айғақты зат ретінде тәркіленді. Патрульдік полицейлер көлікте болған бес әйелді полицияға жеткізді. Олардың жеке басын тексеру кезінде Өзбекстан Республикасының тұрғындары екендігі анықталды" делінген хабарламада.

Аталған жайт Қазығұрт АПБ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда полицейлер олардың Түркістан облысында орын алған басқа да алаяқтық істеріне қатыстылығын тексеруде.