21 қаң, 2026 сағат 16:13

Вена, Токио, Рим: Жаңа халықаралық әуе рейстері ашылады

Фото: ашық дереккөз

Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев биыл авиация саласында ауқымды жоспарлар барын айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Алдағы уақытта Вена, Токио, Рим, Нью-Йорк және басқа да бағыттар бойынша халықаралық рейстер ашу көзделіп отыр. Жүк әуе тасымалын дамыту үшін FedEx, UPS, Cargolux сынды ірі шетелдік авиакомпаниялармен келіссөздер жүргізілуде.

Министрдің айтуынша, саладағы көрсеткіштер оң динамика көрсетіп отыр. Өткен жылы авиациялық жүк өңдеу көлемі 173 мың тоннаға жетіп, өңірдегі ең жоғары көрсеткіш тіркелген. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да күшейтіледі.

Сондай-ақ министр биыл бірқатар жаңа теміржол желілерінің құрылысы аяқталатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, Қызылжар – Мойынты және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілері пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Алтынкөл – Жетіген және Жезқазған – Сексеуіл учаскелерін жаңғырту жұмыстары тәмамдалады. Ел аумағындағы теміржол вокзалдарын реконструкциялау да жалғасады.

Автожол саласында Қызылорда – Жезқазған бағытындағы қозғалыс 2026 жылдың соңына дейін ашылады деп жоспарланған. Биыл Қызылорда – Ақтөбе төрт жолақты магистралінің құрылысы басталса, жылдың екінші жартысында Қарағанды – Жезқазған жобасы мен Сарыағашты айналып өтетін жолдың құрылысы қолға алынады.