Фото: Казахстанской федерации таеквондо (WTF)
Қазақстандағы ең бай кәсіпкер Вячеслав Ким өз инвестициялық портфелін кеңейтуді жалғастыруда. Kaspi.kz компаниясының құрылтайшысы және Alatau City Bank иесі Kcell компаниясының ірі үлесін сатып алды, деп хабарлайды Ult.kz.
2025 жылдың 6 қазанында Ким Ғалымжан Есеновке тиесілі KC Holding Ltd компаниясын толық иелігіне алды. Бұл компания Kcell акционерлік қоғамының 14,87% акциясына иелік етеді. Осы мәміледен кейін Вячеслав Ким KC Holding Ltd-нің жалғыз акционері атанды.
KASE биржасының деректері бойынша, 2025 жылдың 1 шілдесіндегі жағдайға сәйкес, KC Holding Ltd компаниясы Kcell-дің 29,7 миллион қарапайым акциясына ие болған, бұл жалпы акциялардың 14,9%-ын құрайды. Бұған қоса, Ким Alatau City Bank арқылы Kcell-дің тағы 9%-ына, яғни 18,2 миллион акцияға иелік етеді. Осылайша, қазіргі таңда кәсіпкердің иелігінде Kcell компаниясының шамамен 24% акциясы бар.
Айта кетейік, бұл активтер бұған дейін кәсіпкер Ғалымжан Есеновке тиесілі болған. Ол 2023 жылдың шілдесінде аталған үлесті люксембургтік Pioneer Technologies S.A.R.L. компаниясынан сатып алған болатын. 2024 жылдың қыркүйегінде бұл үлесті өзі құрған және Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген KC Holding Ltd компаниясының атына рәсімдеді.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың қыркүйегінде Bloomberg агенттігі Вячеслав Кимнің Jusan Bank-ті сатып алуға ниетті екенін хабарлаған. Сол уақытта Кимнің банктің 99,74% акциясын иеленетіні жөнінде ақпарат тараған. Сонымен қатар, Ким мен Kaspi.kz компаниясының екінші құрылтайшысы Михаил Ломтадзе елдегі су тасқынынан зардап шеккендерге 20 миллиард теңге көлемінде көмек бөлетіндерін мәлімдеген.
