Фото: pixabay.com
Еңбек – адамның өмірінің мәні. Ал сол еңбектің жылдар бойғы жемісі – зейнет. Қазақстанда әр азаматтың қарттық шағын қамсыздандыруға бағытталған зейнетақы жүйесі жылдан-жылға жетіліп келеді. Осы орайда Ult.kz тілшісі зейнетке шығудың тәртібі, жасы мен мөлшері жайында анықтап көрді.
Заңмен белгіленген межелер
Зейнет демалысына шығу үшін ең әуелі азамат заңмен белгіленген жасқа жетуі тиіс. Сонымен қатар міндетті зейнетақы жарналары төленіп, еңбек өтілі жиналуы қажет. Осы талаптар орындалған соң, өтініш беріп, тиісті құжаттарды әлеуметтік қорғау органына тапсыру жеткілікті.
Қазақстандағы зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады:
– мемлекеттік базалық төлем;
– ынтымақты (солидарлық) жүйе бойынша төлем;
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеке жинақтар.
Қаласа, азамат ерікті зейнетақы қорларына да жарна аударып, өз келешегін қамтамасыз ете алады.
2025 жылғы қолданыстағы нормаларға сәйкес, ер адамдар 63 жаста, әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Ал 2028 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңімен ұлғая отырып, 2031 жылы ерлермен теңестіріледі. Басқаша айтқанда, әйелдердің зейнет жасы 2028–2031 жылдары 61-ден 63 жасқа дейін көтеріледі.
Зейнетке шыққанда қажет құжаттар
Зейнетақы алу үшін ең алдымен азамат «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына немесе egov.kz порталы арқылы өтініш береді. Өтінішке қоса төмендегі құжаттар тапсырылады:
– Жеке куәлік – жеке басын растау үшін;
– Зейнеткерлікке шығу туралы өтініш – арнайы үлгі бойынша толтырылады;
– Еңбек өтілін растайтын құжаттар: еңбек кітапшасы, еңбек шарттары немесе архив анықтамалары;
– Жалақы туралы анықтама – соңғы үш жылдағы табыс көрсеткіші;
– БЖЗҚ-дан үзінді көшірме – зейнетақы жарналарының төленгенін дәлелдейтін құжат.
Жеке жағдайға қарай мына құжаттар сұралуы мүмкін:
– Балаларының туу туралы куәліктері (көпбалалы аналар үшін);
– Неке немесе некені бұзу туралы куәлік;
– Мекенжай анықтамасы;
– Әскери билет;
– Мүгедектік немесе радиациялық аймақ анықтамасы;
– Білім туралы құжаттар (егер оқу кезеңі еңбек өтіліне есептелсе).
Барлық құжат тапсырылған соң, өтініш 10 жұмыс күні ішінде қаралады. Қорытындысы бойынша азаматқа SMS-хабарлама немесе жазбаша жауап беріледі. Құжаттар мемлекеттік не орыс тілінде болуы тиіс, ал өзге тілдегі анықтамалар нотариалды аудармамен қабылданады.
Ал еңбек кітапшасы жоқ азаматтар еңбек өтілін архив анықтамалары немесе жұмыс берушінің растамасы арқылы дәлелдей алады. Ал зейнетақы төлемін алу үшін міндетті түрде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жеке шот болуы қажет.
Кімдер ерте зейнетке шыға алады?
Біздің елде кейбір азаматтарға жеңілдетілген тәртіп қарастырылған. Мәселен, Семей ядролық сынақ полигоны аймағында ұзақ жыл тұрған адамдар ертерек зейнетке шығуға құқылы. Ер адамдар – 50 жаста, әйелдер – 45 жаста зейнетке өтініш бере алады.
Сондай-ақ бес және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, 8 жасқа дейін тәрбиелеген аналар үшін ерекше жеңілдік бар. Олар 53 жасында зейнеткерлікке шығу құқығын иеленеді. Бұл – ананың еңбегіне деген мемлекет құрметінің белгісі.
Ең төменгі және ең жоғарғы зейнетақы мөлшері
2025 жылғы деректерге сүйенсек, мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 32 360 теңге, ең жоғарысы – 50 851 теңге. Ал жалпы зейнетақы (базалық + ынтымақты) төлемнің ең төменгі мөлшері – 95 131 теңге, ең жоғарысы – 213 046 теңге.
Еліміздегі орташа зейнетақы шамамен 142 894 теңге көлемінде. Бұл сомаға базалық және ынтымақты төлемдер кіреді.
Әскери қызмет – ерте зейнет
Әскери саладағы азаматтар үшін арнайы заңдар қолданылады. Олар жалпы жүйеден өзгеше тәртіппен зейнетке шыға алады. Мәселен, 25 жылдық әскери еңбек өтілі бар сарбаз немесе офицер жасына қарамастан зейнеткерлікке шығуға құқылы. Яғни, 43–45 жаста зейнет демалысына кететін әскери қызметшілер аз емес.
Қызметін жалғастырған жағдайда, олардың ең жоғары жасы шеніне қарай шектеледі:
– жауынгерлік құрам – 45 жасқа дейін;
– орта буын офицерлер – 50 жасқа дейін;
– жоғары шенді офицерлер – 55 жасқа дейін;
– ерекше жағдайда министрлік шешімімен – 60 жасқа дейін ұзартылуы мүмкін.
Әскери зейнетақы мөлшері де өзгеше есептеледі: 25 жыл қызмет үшін соңғы жалақының 50%-ы беріледі, әр қосымша жыл үшін 2%-дан қосылады. Ең жоғары шегі – 75%.
Одан бөлек, әскери зейнеткерлер медициналық қызметті тегін пайдаланады, тұрғын үй немесе өтемақы алу құқығына ие, кейбір салық түрлерінен босатылады.
Зейнет – еңбек жолының құрметті қорытыныдысы, жылдар бойғы маңдай тердің өтеуі. Мемлекет зейнетақы жүйесін жетілдіре отырып, азаматтардың кәрілік шақта әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуді басты мақсат етіп отыр.
Ақбота Мұсабекқызы
