13 мам, 2026 сағат 12:40

Жамбыл облысында шетелдіктерді жалған тіркеу схемасы әшкереленді


Фото: shtrafy.kz

Жамбыл облысының Қордай ауданында шетел азаматтарын жалған мекенжайларға тіркеу фактілері анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

Тексеру барысында Қалғұты ауылындағы мекенжайлардың біріне Өзбекстанның 12 азаматы тіркелгені белгілі болды. Алайда олар іс жүзінде Алматы қаласында тұрып, сол жерде жұмыс істеген.

Осыған ұқсас заң бұзушылық Сортөбе ауылында да тіркелген. Онда Қырғыз Республикасының 9 азаматы жалған тіркеуге қойылып, нақтысында басқа өңірлерде тұрғаны анықталған.

Бас прокуратураның мәліметінше, мұндай заңсыз схемалар көші-қон есебін бұрмалап қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, өзге құқық бұзушылықтарды жасыру үшін де пайдаланылуы мүмкін.

Прокурорлық қадағалау актілері негізінде жалған тіркеулердің күші жойылып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды.

Сонымен қатар прокуратура үйлестіруімен шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғандарға қатысты қылмыстық жауапкершілік тәжірибесі енгізілген.

Мәселен, шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа тартқаны үшін бұған дейін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған дәмхана иесі 2025 жылдың желтоқсаны мен 2026 жылдың қаңтарында қайтадан заң бұзған. Ол рұқсат құжаттарын рәсімдемей, шетел азаматтарын жұмысқа қабылдаған.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 395-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, іс сотқа жолданған. Сот үкімімен кінәлі тұлғаға 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды.