25 қыр, 2025 сағат 12:49

Жамбылда үш оқушының қайтыс болуынан кейін арнайы жұмыс тобы құрылды


Фото: primeminister.kz

Министрдің тапсырмасына сәйкес, аталған жұмыс ұзақ мерзімді әдістемелік қолдау форматында жалғасады. ҚР Оқу-ағарту министрінің тапсырмасымен 22-26 қыркүйек аралығында Жамбыл облысында бала құқықтарын қорғау саласында әдістемелік көмек көрсету жөніндегі жұмыс тобы қызмет атқарады, деп хабарлайды Ult.kz.

Жаңа оқу жылының басында өңірде орын алған қайғылы оқиғаларға байланысты ұйымдастырылған бұл топ педагогтерге қолдау көрсетуді, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуді мақсат етеді.

Сонымен қатар, құқықбұзушылық себептерін анықтау және ата-аналарға жеке кеңес беру, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Жұмыс тобы құрамына білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департамент өкілдері, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл, "Өркен" балалардың әл-ауқатын арттыру институтының сарапшылары, "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мамандары, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғалымдары, психологиялық қолдау орталықтарының директорлары мен тәжірибелі сарапшылар кіреді.

Мамандар Тараз қаласы мен облыс аудандарындағы мектептерде болып, педагогтермен, оқушылармен және ата-аналармен кездесулер өткізіп, әлеуметтік-психологиялық ахуалды зерттейді.

Сонымен қатар, мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтерге буллингтің алдын алу, деструктивті мінез-құлықты анықтау, ата-аналармен тиімді өзара іс-қимыл жасау және психологиялық-педагогикалық қолдаудың сапасын арттыру мәселелері бойынша семинарлар ұйымдастырылады.

Министрдің тапсырмасына сәйкес, бұл жұмыс ұзақ мерзімді әдістемелік қолдау ретінде жалғасады.