Фото: "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы
Қазақстандық жастар арасында қаржылық мәдениет нығайып келеді. Бұл туралы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген жаңа сауалнама нәтижелері мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Зерттеу көрсеткендей, 35 жасқа дейінгі қазақстандықтардың 25%-ында депозит жинағы бар. Қаржы жинауға ең белсенді топ — 24–28 жас аралығындағы жастар (28,8%).
Жас санатына қарай депозиті бар азаматтар үлесі былай бөлінеді:
-
14–18 жас: 9,4%
-
19–23 жас: 22,2%
-
24–28 жас: 28,8%
-
28–34 жас: 25,4%
Сауалнама бойынша жастардың 2,8%-ында екі және одан да көп депозит бар. Ал 43,4% жас тек бір депозитке ақша жинайды. Сарапшылардың айтуынша, бұл жастардың ерте жастан қаржылық тәуелсіздікке ұмтылатынын көрсетеді.
Депозит ашу бүгінде оңай: тегін, онлайн қолжетімді және кез келген сомамен ашуға болады. Бұл да жас буынның жинақ жасауға дағдылануына ықпал етіп отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында халықтың қаржылық сауатын арттырудың және қарыз жүктемесін азайтудың маңызын атап өткен болатын. Сондай-ақ 2022 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында миллионға жуық азамат қаржылық білім алып, құқықтық көмекке жүгінген.
Мектептер мен университеттерде де қаржылық қауіпсіздік бойынша сабақтар өткізіліп жатыр: биылдың өзінде 567 мың оқушы және 100 мыңнан аса студент қамтылған.
Зерттеу қоғамда қаржылық мәдениеттің нығайып келе жатқанын көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, жастардың болашағына жауапкершілікпен қарауы мен мемлекет ұсынған бағдарламалар бұл үрдісті одан әрі жандандыра түспек.
