15 қаң, 2026 сағат 18:08

Жеке тұлғалардың банкроттығы: 56 мың адамның 209,7 млрд теңге берешегіне кешірім жасалды

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Мемлекет басшысына қаржы нарығын дамытудың 2025 жылғы нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы баяндалды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бизнеске берілген кредиттер 2025 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша 17,9 пайызға артып, 14,8 триллион теңгеге жеткен. 

Кәсіпкерлер 17,5 триллион теңгеге жаңадан несие ресімдеді. Банктер жалпы сомасы 2,3 триллион теңге болатын 8 синдикатталған жобаны бірлесіп қаржыландырды. 

Шағын және орта бизнесті кредиттеу ісін қолдау үшін 2025 жылдың маусым айында «Даму» қорының жанынан Кепілдік қоры құрылды. Бүгінге дейін 505 миллиард теңге көлемінде несие кепілдіктері берілді. 

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қолданысқа енгелі бері банктер 56 мың адамның 209,7 миллиард теңге берешегіне кешірім жасады. 

Ипотекалық тұрғын үй займдарын қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында 1,2 мың қарыз алушыға қолдау көрсетілді. 

Агенттік өзінің қадағалау қызметі аясында банктерге 2025 жылы 49 рет инспекторлық және құжаттамалық тексеріс жүргізген.