16 ақп, 2023 сағат 13:10

Желіде жігітті соққыға жығып, ақша талап еткен қыздың видеосы тарады


Telegram арналарының бірінде жігітті ұрып-соққан қыздың видеосы жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бейнежазбадан ол жәбірленушіден ақша талап етіп жатқанын көруге болады. 

"Талдықорған қаласында жасөспірім қызды соққыға жыққан қыздар туралы тақырыптың жалғасы ретінде тағы бір видео келді. Видеода Құндыз есімді қыз жігітті ұрып-соғып, ақша талап етіп жатыр", - делінген @egovpress Telegram арнасындағы сипаттамада.

Ал Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі аталған факт бойынша Алматы қаласы Наурызбай ауданы ПД-да ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы ("Бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Іс жүргізу аясында заңсыз әрекеттің мән-жайы анықталады.

Алматы қаласындағы колледждердің бірінде оқитын 2005 жылы туған Б.-ның ювеналдық полицияның есебінде тұрғанын хабарлаймыз. Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамау дерегі бойынша қыздың анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабында көзделген құқық бұзушылық белгілері бойынша материал жиналды.

Материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына жіберілді", - делінген хабарламада.