
Биылғы жыл басынан бері елімізде пойыздардың 2400-ден астам жедел тежелу фактісі тіркелді, деп хабарлайды ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметі тартақан мәліметтерге қарағанда, жыл басынан бері елімізде пойыздардың 2429-ы шұғыл тоқтауы қажет болған. Теміржол төсемінің белгіленбеген жерлерінен кесіп өткен 1011 адам әкімшілік жауапқа тартылды, оның ішінде адамдардың болу себебінен - 622, жануарларға байланысты - 1704, автокөліктерге байланысты - 23, тоқтату кранын жұлып алу бойынша - 80.
Мәселен, Петропавлск станциясында жүк поезының машинисті адамды қағып кетпеу үшін шұғыл тежегішті қолданды. Нәтижесінде, оқыс оқиғаның алды алынды.
Тексеру барысында, көлік полициясы қызметкерлері Петропавл қаласының 50 жастағы тұрғынын ұстады. Аталған азамат ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 5-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 7575 теңге көлемінде 3 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Ағымдағы жылдың басынан бері Департамент бойынша 2429 шұғыл тежеу фактісі тіркеліп, 1011 адам әкімшілік жауапқа тартылды.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ләззат Қасымжанова «Жазатайым оқиғалардың алдын алу, жолын кесу мақсатында көлік полициясы қызметкерлері халыққа темір жол нысандарындағы тәртіп ережелерін түсіндіріп, түрлі алдын алу шараларын өткізіп тұрады» - деп, атап өтті.
Оның айтуынша «Темір жол – қауіпі жоғары аймақ!» тақырыбы аясында 3160 бірлескен алдын алу іс-шаралары жүргізілген. Оның ішінде халықпен жиын - 712, жолаушылар поездарындағы кездесу - 945.
