23 жел, 2025 сағат 13:29

Қазақтар мен қызғыздарды қорлаған Дмитрий Биволдың бұрынғы әйеліне қатысты сот шешімі шықты


Фото: Instagram Екатерины Бивол


Бокстан әлем чемпионы Дмитрий Бивол бұрынғы жұбайы Екатерина Биволға қарсы "жала жабу" дерегі бойынша сотта жеңіске жетті, деп хабарлайды Ult.kz.

Санкт-Петербург соттарының баспасөз қызметінің хабарлауынша Санкт-Петербург қаласының Смольнин аудандық соты Дмитрий Биволдың Екатерина Биволға қатысты берген азаматтық талабын қарады. Талап арызда шындыққа сәйкес келмейтін, ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді жалған деп тану, сондай-ақ оларды теріске шығару міндетін жүктеу сұралған. Сот арызды қанағаттандырды.

"Іс материалдарына сәйкес, жауапкер 16.09.2024–11.08.2025 аралығында Ресей Федерациясының аумағында тыйым салынған «Instagram» әлеуметтік желісінде талапкерге қатысты беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер жариялаған. Сонымен қатар, 21.07.2025–11.08.2025 аралығында «Telegram» мессенджерінде мәтін форматындағы пікірлер мен жарияланымдар орналастырған.
Сот жауапкер таратқан мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді әрі талапкердің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп таныды. Осыған байланысты Екатерина Биволға өзіне тиесілі (өзі басқаратын) барлық сайттарда, әлеуметтік желілердегі парақшаларында және мессенджерлердегі арналарда (топтарда) аталған мәліметтерді теріске шығаруды міндеттеді. Теріске шығару осы іс бойынша сот шешімінің қарар бөлігін жариялау арқылы жүзеге асырылуы тиіс, сондай-ақ үшінші тұлғалардың танысуы үшін ашық қолжетімділік қамтамасыз етіліп, ол жарияланған күннен бастап алты ай бойы сақталуы қажет" делінген хабарламада.


Айта кетейік, Екатерина Биволдың бұрынғы жұбайына қатысты ғана айтқан сөздеріне сот шешімі  шықты.  Бұдан бөлек Қазақстанда Екатерина Биволға іздеу жарияланған болатын.

Бұған дейін ол әлеуметтік желілерде қазақтар мен қырғыздарды қорлайтын видео жариялаған. 7 қазанда Қырғызстанда оған қатысты қамауға алу туралы ордер берілген. Артынша Қазақстан құзырлы органдары да Екатерина Биволға іздеу жариялады.

Кейінірек, егер ол ұсталған жағдайда, Қазақстан тарапы боксшының бұрынғы жұбайын Ресейден экстрадициялауды сұрауы мүмкін екені белгілі болды.

Дмитрий Бивол - Қырғызстанның тумасы, анасы Қазақстаннан. Ресейлік және қырғызстандық кәсіпқой боксшы, жартылай ауыр салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.


Оқи отырыңыз: Қазақтар мен қырғыздарға тіл тигізген Екатерина Биволға Ресейде тексеріс басталды