28 мам, 2021 сағат 21:16

1 жылға кешіккен UEFA EURO 2020: Отандық телеарналар тікелей эфирде көрсетеді


Qazaqstan телерадиокорпорациясы футболдан UEFA EURO 2020 матчтарын көрсету құқығын иеленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Естеріңізге салсақ, футболдан Еуропа біріншілігі өткен жылы өтуі тиіс еді. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты бір жылға шегерілген болатын. Енді 16-шы Еуропа біріншілігі 2021 жылдың 11 маусымы мен 11 шілде аралығында өтетіндігі белгілі болып отыр. Қазақстандық жанкүйерлер чемпионаттың барлық ойындарын Qazaqstan мен Qazsport арналарынан тікелей эфирде тамашалай алады. 

«Телерадиокорпорация футбол комментаторлары үшін шеберлік сабақтарын өткізіп, 1 ай бойы тікелей эфирде үздіксіз хабар таратуға дайындық үстінде. Телеэфирлерден бөлек, Корпорация сайттарында онлайн көрсетілім жүргізіледі. Әдетте мұндай көрсетілімдер кезінде эфирді онлайн көрушілер саны күрт артады, осыны ескеріп, сайттардың техникалық мүмкіндіктері де күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілуде», - деді телерадиокорпорациясының баспасөз қызметінен. 

60 жылдық тарихы бар турнир алғаш рет 11 қалада - Амстердам (Нидерланд), Баку (Әзербайжан), Бухарест (Румыния), Будапешт (Мажарстан), Копенгаген (Дания), Глазго (Шотландия), Лондон (Англия), Мюнхен (Германия), Рим (Италия), Санкт-Петербург (Ресей), Севильяда (Испания) бірдей өтпек. 

UEFA EURO-2020 турнирінің финалдық кезеңіне шыққан 24 құрама 6 топқа бөлінген: 

A тобы: Түркия, Италия, Уэльс, Швейцария 

B тобы: Дания, Финляндия, Бельгия, Ресей 

C тобы: Нидерланд, Украина, Австрия, Солтүстік Македония 

D тобы: Англия, Хорватия, Шотландия, Чехия 

E тобы: Испания, Швеция, Польша, Словакия 

F тобы: Мажарстан, Португалия, Франция, Германия 

1/8 финалға әр топтан ең мықты екі құрама мен үшінші орын иеленген төрт үздік команда шығады. 

Турнирдің ашылу матчы 11 маусымда Римдегі «Олимпийский» стадионында, ал финалдық кездесу 11 шілдеде Лондондағы «Уэмбли» стадионында өтеді. Чемпионат қарсаңында Qazaqstan және Qazspor» телеарналарынан тікелей эфирде сараптамалық бағдарлама жарыққа шығады. Оған спортшылар мен сарапшылар, футбол жанкүйерлері қатыса алады.