Фото: Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы
2025 жылы Токиода өткен Сурдлимпиадада жүлдегер атанған қазақстандық спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына жалпы көлемі 5,5 млрд теңге сыйақы берілді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Сыйақыға барлығы 32 спортшы мен 42 жаттықтырушы ие болды. Қолданыстағы ережеге сәйкес, марапат мөлшері медаль түріне қарай белгіленген: алтын медаль иегерлеріне – 130 млн теңге, күміс жүлдегерлерге – 78 млн теңге, қола медаль үшін – 39 млн теңге төленді. Ал 4–6 орын алған спортшыларға 2,5 млн-нан 15 млн теңгеге дейін сыйақы берілген.
Аталған Сурдлимпиадаға әлемнің 81 елінен шамамен 3 мың спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы жарыстың 8 түрінен сынға түсіп, жалпыкомандалық есепте 9-орынға тұрақтады.
Ел қоржынына барлығы 25 медаль түсті: 8 алтын, 4 күміс және 13 қола.
