Фото: ҚР ОАМ
Бүгіннен бастап еліміздің барлық өңірлеріндегі 1000-ға жуық мектеп пен колледжде «Заң және тәртіп» жобасы аясында құқықтық мәдениет сабақтары басталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жобаны ауқымды енгізу туралы шешім Алматы облысы Талғар ауданында өткен пилоттық кезеңнің нәтижесіне сүйене отырып қабылданған. Онда буллинг пен құқық бұзушылықтардың азайғаны тіркелген. Атап айтқанда, кибербуллинг 18%-ға төмендеп, тәуекелі төмен оқушылар үлесі 31,9%-ға артқан, ал ерекше бақылауды қажет ететін жасөспірімдер саны 30%-ға азайған.
Жоба аясында Шымкентте 100-ге жуық, Қарағанды облысында 190-нан астам, Павлодар облысында шамамен 110 білім беру ұйымы қамтылған. Оқушылармен жұмыс істеуге құқық қорғау саласында тәжірибесі бар 600-ден астам тәлімгер тартылып, сабақтар екі аптада кемінде бір рет өткізіледі.
Бастама оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы шеңберінде жоба кезең-кезеңімен кеңейтіліп, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
