01 ақп, 2023 сағат 14:24

103 келі синтетикалық есірткі: ҰҚК қылмыстық топтың жолын кесті

Фото: gov.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан аумағына аса ірі көлемде синтетикалық есірткіні кіргізудің және сатудың тұрақты арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың жолын кесті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ведомство мәліметінше, "мефедрон" және "альфа-PVP"-ны әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы саудаланған. Есірткі жасырын орындардың координаттарын беру арқылы бетпе бет кездесусіз алынып отырған. 

"Жинақталған бұлтартпас айғақтардың нәтижесінде Шымкент және Қонаев қалаларында есірткі синдикатының ұйымдастырушысы мен үш көмекшісі ұсталды. Тінту барысында заңсыз айналымнан 103 келі синтетикалық есірткі алынды", - делінген хабарламада.

Өлімге әкелетін "тауарды" Астана, Алматы, Қонаев, Көкшетау, Шымкент, Тараз, Қызылорда және Өскемен қалаларында тарату көзделген.

Фото: gov.kz