30 сәу, 2026 сағат 14:05

Жетісуда ұрланған қару табылды


Фото: egemen.kz


Жетісу облысында қарақшылық шабуыл кезінде ұрланған тапанша Алматы облысы аумағынан табылды. Бұл Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатқан “Қару” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды, деп хабарлайды Ult.kz.


Ведомствоның мәліметінше, жалпы шара аясында заңсыз айналымнан 25 атыс қаруы тәркіленген. Сонымен қатар еліміз бойынша тұрғылықты мекенжайлар бойынша 48 мыңнан астам қару иесі және орталықтандырылған сақтау орындарында сақталған 3 мыңнан астам қару бірлігі тексерілген.


Тексеру нәтижесінде қару айналымы мен тіркеу тәртібін бұзудың 515 дерегі анықталды. Олардың қатарында қаруды сақтау талаптарының бұзылуы да тіркелген.


Алматы облысында 1944 жылы шығарылған «Наган» үлгісіндегі ойық ұңғылы тапанша тәркіленді. Тергеу деректеріне сәйкес, бұл қару Жетісу облысында жасалған қарақшылық шабуыл кезінде ұрланған.


Бұдан бөлек, “Қылмыстық қару” есебінде тұрған және полиция бақылауынан тыс жүрген 7 қару иесінің жүрген жері анықталды.


Мәселен, Алматы қаласында бір азамат қаруды басқа өңірге көшкеннен кейін де ішкі істер органдарына тіркемеген. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қаруы тәркіленді.


Ішкі істер министрлігі азаматтарға қару сақтау, тіркеу және пайдалану талаптарын қатаң сақтауды ескертті.