16 сәу, 2020 сағат 20:18

13 банк пен ұлттық пошта операторы төлем картасын қашықтан береді

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев төлем картасы жоқ халықтың банкте кезекте тұрғаны жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Иә, карта аштыруға кезек болды. Елімізде қауырт жағдай қалыптасқандықтан, одан қашып құтылу мүмкін емес те еді. Сондықтан, азаматтардан түсіністікпен қарауды өтіндік», - деп атап өтті министр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Оның айтуынша, бұл мәселеде бизнес те, мемлекет те жұмысын барынша оңтайландырды. Төтенше жағдай мен қатаң карантин кезінде бұл тіпті мүмкін емес еді. 

«Бірақ, қазіргі уақытта 13 банк пен ұлттық пошта операторы қашықтан карта беру қызметін ұсынып отыр. Көптеген банктер картаны үйге жеткізу, картасыз және комиссиясыз қолма-қол ақша шығару қызметтерін іске қосты. Біраз уақыт өткен соң, мұның бәрін еңсеріп, халықтың картасыз жүргені ұмытылады», - деді Дәурен Абаев.