08 мам, 2026 сағат 18:00

«Қазцинк» жарылысы: зардап шеккендердің бірі санавиациямен Астанаға жеткізіледі

Фото: Казцинк


Өскемендегі «Қазцинк» кәсіпорнында болған жарылыстан зардап шеккендердің бірі санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізілмек, деп хабарлайды Ult.kz.


Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, республикалық деңгейдегі мамандар облыстық мамандандырылған медициналық орталықта ем алып жатқан науқастарды тексерген.


Дәрігерлер 1983 жылы туған ер адамға бел омыртқасының үшінші омыртқасы сынған деген диагноз қойған. Мамандар оны әуе көлігімен тасымалдауға болады деген қорытындыға келген.


Бүгін науқас санитарлық авиация арқылы Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізіледі. Онда оған әрі қарай мамандандырылған ем көрсетіледі.


Ал жарылыстан ауыр жарақат алған екінші науқастың жағдайы өте ауыр күйінде қалып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, оның денесінің басым бөлігін күйік шалған.