Видеодан скриншот
Алматыда алаяқтардың құрбаны болған 71 жастағы зейнеткер 20 миллион теңгесінен айырылып қана қоймай, өз пәтерін де сатып жіберуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Ult.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Оқиға өткен жылы басталған. Бұрын университетте мұғалім болып жұмыс істеген Жаннат Кошиковаға алдымен бұрынғы әріптесі хабарлама жазған. Артынша өзін университеттің заңгерімін деп таныстырған адам қоңырау шалып, оқу орнының дерекқоры бұзылғанын айтқан.
Көп ұзамай зейнеткерге өзін Ішкі істер министрлігінің подполковнигімін деп таныстырған белгісіз адам хабарласып, «депозиттеріңізге қауіп төніп тұр» деп қорқытқан. Алаяқтар әйелді барлық ақшасын «қауіпсіз шотқа» аудару керек деп сендірген.
Зейнеткер олардың айтқанына сеніп, банктен шамамен 20 миллион теңгені шешіп алып, көрсетілген шоттарға аударған. Бірақ алаяқтар мұнымен тоқтамай, оны несие алуға да көндірген.
Ең сорақысы – алаяқтар зейнеткерді өз пәтерін де сатуға мәжбүр еткен. Олар «пәтеріңіз алаяқтардың қолына өтіп кетпес үшін тез арада сатып жіберу керек» деп сендірген. Тіпті риэлтор мен нотариусты да өздері тауып берген.
Пәтер нарықтық бағадан төмен – 45 миллион теңгеге сатылып кеткен. Ал зейнеткер алған ақшасын да алаяқтарға беріп қойған.
Тек туыстары араласқанда ғана әйел алданғанын түсінген. Қазір зейнеткердің туыстары полицияға шағым түсірген. Тергеу басталғанымен, үйдің жаңа иесі пәтерді босатуды талап етіп отыр.
Адвокаттың айтуынша, зейнеткер әлеуметтік жағынан осал топқа жатады және оны жылыту маусымында үйден шығару заңсыз. Алайда сот пәтерден шығару туралы шешім шығарған. Қазір қорғаушы Жоғарғы сотқа шағымдануға дайындалып жатыр.
Қылмыстық іс «аса ірі көлемдегі алаяқтық» бабы бойынша қозғалған. Алайда алаяқтарды табу мен жоғалған ақшаны қайтару мүмкіндігі өте аз екені айтылды.
