Фото: gov.kz
Түркістан облысында ветеринария саласында 928 миллион теңге бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталды. Іс бойынша төрт лауазымды тұлға қамауға алынды, деп хабарлайды Ult.kz.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, "Ветеринариялық қызмет" ШЖҚ МКК басшылары мен жауапты қызметкерлері 2022–2025 жылдар аралығында ірі көлемдегі қаржыны заңсыз аударып отырған.
Тергеу дерегіне сәйкес, сатып алулар кезінде төлем тапсырмаларына әдейі жалған мәліметтер енгізілген. Яғни, шын мәнінде көрсетілмеген қызметтер мен жеткізілмеген тауарлар үшін бюджеттен ақша аударылған.
Сонымен қатар күдіктілер өздерінің электронды цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, төлем құжаттарына бірдей бизнес субъектілерінің ЖСН-дарын енгізіп, тек атауларын өзгертіп отырған. Осылайша заңсыз аударымдарды жасыруға тырысқан.
Прокуратураның мәліметінше, лауазымды тұлғалардың әрекеті салдарынан мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірілген.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша тіркелген. Тергеуді облыс прокуратурасының арнайы прокурорлары жүргізіп жатыр.
26 наурыз күні Ветқызметтің екі бұрынғы басшысы, олардың орынбасары және бас бухгалтері күдікті деп танылып, қамауға алынған. Қазір басқа да лауазымды тұлғалардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
