27 нау, 2026 сағат 11:49

Ақтауда жедел операция: марихуанамен ұсталған 4 адам қамауға алынды


Фото: Маңғыстау ПД баспасөз қызметі


Ақтауда арнайы операция кезінде есірткіге қатысты бірнеше қылмыс бойынша күдікті төрт адам ұсталды. Қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Маңғыстау облыстық полиция департаменті.


Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Маңғыстау облысы бойынша есірткі қылмысына қарсы күрес департаментінің қызметкерлері Ақтауда жедел тергеу шараларын жүргізді.


"Шара кезінде төрт адам ұсталды. Тінту және тексеру кезінде есірткі заты — марихуана (3 кг 700 грамм) тәркіленді. Сондай-ақ айғақ ретінде ұялы телефондар мен электрондық таразылар тәркіленді", - деп хабарлады облыстық полиция департаменті өкілдері.


Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді.