06 мам, 2026 сағат 12:39

334 млн теңгені жымқырған: Тараздағы автосалон менеджері 8 жылға сотталды

Фото: artmetall.ua

Таразда автосалонның бұрынғы менеджері аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

25 жастағы қала тұрғыны автосалонда сату бөлімінің басшысы бола жүріп, клиенттер мен жұмыс берушінің сенімін теріс пайдаланған. Тергеу мәліметінше, ол клиент әйелге құны 90 млн теңге тұратын көлігін жаңасына ауыстырып беруге уәде етіп, автокөлікті сатып жіберіп, түскен қаражатты өз қажетіне жұмсаған.

Ізін жасыру үшін ол басшылықтың рұқсатынсыз автосалонға тиесілі 83 млн теңгелік жаңа көлікті клиентке берген. Сонымен қатар, сатуға қойылған құны 68 млн және 34 млн теңге болатын автокөліктерді де сатып, қаржысын иемденген.

Бұдан бөлек, автосалон меншігіндегі 59 млн теңгелік жаңа Toyota Land Cruiser көлігін төмен бағамен өткізіп жіберген.

Сот оны аса ірі мөлшердегі алаяқтық және сеніп тапсырылған мүлікті иемдену баптары бойынша кінәлі деп таныды. Алғашқы үкім бойынша ол 5 жыл 1 айға сотталғанымен, прокурор наразылығынан кейін іс қайта қаралып, жаза мерзімі 8 жылға дейін ұлғайтылды. Бұған келтірілген шығынның өтелмеуі себеп болған.

Мамандар көлік сатып алу кезінде мұқият болуға шақырады: келісімшарт талаптарын тексеріп, құжаттардың түпнұсқалығына көз жеткізу және төлемнің тек ресми шотқа түсуін бақылау қажет.