06 мам, 2026 сағат 16:49

Жамбыл облысында жеке сот орындаушысы 3,9 млн теңгені заңсыз иемденген

Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысында жеке сот орындаушысының өкілеттігін теріс пайдалану дерегі анықталды. Бұл туралы прокуратура хабарлады.

Тергеу мәліметінше, борышкерлерден өндірілген 3,9 млн теңге мемлекет пен банк ұйымдарына аударылуы тиіс болғанымен, ол қаражат жеке сот орындаушысының жеке шотына түсіп, өз қажетіне жұмсалған.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 251-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, іс сотқа жолданды.

Прокуратураның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында жүргізілген тексерулер нәтижесінде 168 адам жауапкершілікке тартылып, оның 81-і жеке сот орындаушылары болған. Сонымен қатар алимент төлеуден жалтарған 6 адамға қатысты да қылмыстық істер қозғалған.

Ведомствоның араласуымен жалпы 220 млн теңге көлеміндегі берешек өндірілген.

Прокуратура азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын және атқарушылық іс жүргізу қатысушылары заң талаптарын қатаң сақтауы қажет екенін ескертті.