06 мам, 2026 сағат 13:04

Өскемендегі жарылыс: 90% күйік шалған жұмысшыға көмектесу үшін Астанадан дәрігерлер шұғыл ұшып барады

Фото: gov.kz

Өскемендегі «Қазцинк» зауытында болған жарылыстан ауыр жараланған жұмысшыға көмек көрсету үшін Астанадан дәрігерлер шұғыл түрде арнайы бортпен аттанбақ, деп хабарлайды Ult.kz.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мамандары күйігі аса ауыр науқасты емдеуге тартылуда. Бұған дейін астаналық дәрігерлер телемедицина арқылы кеңес өткізіп, емдеу тактикасын келіскен.

Жарылыс салдарынан 1980 жылы туған ер адамның денесінің 90 пайызын күйік шалған. Дәрігерлердің айтуынша, оның терісімен қатар ішкі ағзалары, өңеші, тіпті көзі де зақымданған. Науқас ауруханаға шок жағдайында жеткізілген.

Тағы бір зардап шеккен 1974 жылғы ер адамның омыртқасы сынған.

Шығыс Қазақстан облысындағы медициналық орталықта оқиға туралы алғашқы хабар таңғы 08:30-да түскен. Осыдан кейін шұғыл бригада жасақталып, небәрі 15 минут ішінде алғашқы зардап шеккендер жеткізіле бастаған. Алғашқы бес адамның төртеуі ер адам, біреуі әйел екені белгілі болды.

Еске сала кетейік, бұған дейін аталған жарылыс салдарынан екі адамның қаза тапқаны хабарланған.