26 қаң, 2026 сағат 11:41

"4,5 млрд теңге залал": Фармацевтика саласындағы ірі қылмыстық схема әшкереленді

Фото: ашық дереккөз

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі фармацевтика саласын сауықтыру бағытында жүргізіліп жатқан шаралар аясында ауқымды қылмыстық схеманы анықтады. Тергеу нәтижесінде медициналық бұйымдарды отандық өндіріс ретінде жалған көрсету фактілері әшкереленді, деп хабарлайды Ult.kz.

ҰҚК мәліметінше, «OrdaMed» акционерлік қоғамының басшылығы Қазақстан аумағында өз өндірісі бар деген жалған құжаттарды пайдаланып, халықтың денсаулығын қамтамасыз ету үшін аса қажет 28 атаудағы медициналық жабдықты мемлекеттік емдеу мекемелеріне жеңілдетілген шарттармен жеткізу бойынша заңсыз преференциялар алған.

Алайда тексеру барысында аталған медициналық жабдықтардың іс жүзінде шетелден дайын күйінде әкелінгені анықталған. Соның салдарынан мемлекетке келтірілген залал көлемі 4,5 млрд теңгені құраған.

Тінту шаралары кезінде «OrdaMed» АҚ басшылығынан құны 1 млрд теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленді. Сонымен қатар «Interdentica», «Erkin Brand» және «OrdaMed» компанияларындағы қатысу үлестеріне тыйым салынды.

Сот санкциясымен «OrdaMed» АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

ҰҚК атап өткендей, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.