Фото: krisha.kz
Алматыда жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау 1 маусымда басталады. Бұл туралы Отбасы банк хабарлады.
Банк мәліметінше, өтінімдер 1 маусым сағат 09:00-ден 15 маусым сағат 18:00-ге дейін қабылданады. Қатысу үшін kezekte.kz порталы арқылы өтінім беру қажет. Порталға кіру үшін электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) талап етіледі.
Бағдарлама аясында қатысушылар 20 млн теңгеге дейін несие ала алады. Пайыздық мөлшерлеме – 5%, ал бастапқы жарна – 10%. Тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан сатып алуға мүмкіндік қарастырылған.
Бағдарламаға қатысу үшін үміткердің жасы 35-тен аспауы тиіс. Сондай-ақ Алматы қаласында кемінде бір жыл тұрақты тіркеуі болуы, соңғы бес жылда тұрғын үйінің болмауы және кемінде алты ай ресми жұмыс өтілі талап етіледі. Міндетті зейнетақы жарналары да тұрақты аударылып тұруы қажет.
Айта кетейік, “Алматы жастары” бағдарламасы – мегаполистегі жас азаматтарды қолдауға бағытталған негізгі тұрғын үй жобаларының бірі.
