Видеодан кадр: youtube.com/erbolseilkhan
Депутат-заңгер Абзал Құспан сталкинг пен қыз алып қашу істері бойынша заң нормаларының іс жүзінде дұрыс қолданылмай отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл бағыттағы басты мәселе — азаматтардың да, құқық қорғау органдарының да өз міндеті мен құқығын толық білмеуі, деп хабарлайды Ult.kz.Абзал Құспан 2025 жылдың көктемінде Үкіметке аталған мәселелерге қатысты кешенді жоспар әзірлеу жөнінде хат жолдағанын атап өтті. Депутаттың айтуынша, көптеген жәбірленушілер, соның ішінде марқұм Нұрай да өз құқығын жеткілікті деңгейде білмеген. Егер сталкинг немесе қыз алып қашу әрекеттерінің Қылмыстық кодекстің 125-бабының 1-бөлігі (Адам ұрлау, ред.) аясында қаралатынын жәбірленуші тарап та, оның туыстары да, полиция қызметкерлері де нақты білгенде, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.
"Өйткені көп жәбірленушілер және марқұм болып кеткен қызымыз Нұрай өз құқығын білген жоқ. Ол егер өз құқығын жеткілікті білсе жағдай басқаша болар ма еді?" - деді Құспан.
Депутаттың пікірінше, қарапайым азаматтардың құқықтық нормаларды білуге міндетті еместігін ескеру қажет. Ал құқық қорғау органдары заңды дұрыс қолданушы ретінде бұл талапты толық орындамаған. Сондықтан сталкинг пен қыз алып қашу секілді қылмыстарға қатысты заңнаманы түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу аса маңызды.
Абзал Құспан бұл нормалардың өткен жылы күшіне енгенін еске сала отырып, олар ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу мақсатында қабылданғанын айтты. Алайда практикада заңды қолдануда олқылықтар бар екенін атап өтті. Депутаттың сөзінше, әр азамат өз құқығын біліп, ал полиция қызметкері өз міндетін нақты орындаған жағдайда, мұндай оқиғалардың алдын алуға толық мүмкіндік бар.
"Оны құқық қорғау органдары құқық қолданушы ретінде мына заңды дұрыс қолданған жоқ. Осы бағытта бізде заңды дұрыс түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу керек. Онысыз болмайды. Егер әр азамат өз құқығын біліп тұрса, екінші кезекте сол арызды қабылдаған полиция қызметкері өз міндетін біліп тұрса, онда әрине мұндай оқиғаның алдын алуға болатын еді", - деді депутат Абзал Құспан.
