01 нау, 2026 сағат 19:09

Аида Балаева жыл сайын өтетін киножобалар конкурсының басталғанын хабарлады


Фото: Ақорда
 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында жыл сайын өтетін киножобалар конкурсының басталғанын хабарлады. Оның айтуынша, байқау Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес, сапалы әрі рухани-танымдық мәні бар ұлттық кино өндірісін қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Биылғы іріктеуде туған жер, отбасы, ұлттық құндылықтар, салауатты өмір салты, еңбек, заң мен тәртіп, табиғат, ғарыш және туризм секілді қоғам үшін өзекті бағыттарға басымдық берілген. Министр конкурс кезеңдерінің ашық өтетінін атап өтіп, үдерісте жасанды интеллект технологиясы қолданылатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ, өткен жылдардағы нәтижеге сәйкес, мемлекеттік қолдауға ие болған жобалардың басым бөлігі жас режиссерлерге тиесілі екені айтылды.

"Құрметті достар!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сапалы және рухани тәрбиелік мәні бар кино жасау туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан жыл сайынғы киножобалар конкурсы бүгін басталды.
Іріктеудің басым тақырыптары Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының сайтында жарияланды. Биыл туған жер, отбасы, салауатты өмір салты, ұлттық құндылықтар, еңбек, заң, тәртіп, табиғат, ғарыш, туризм сияқты жан-жақты тақырыптар легі ұсынылып отыр.
Маңызды жаңалықтардың бірі – іріктеу жасанды интеллекттің көмегімен өткізіледі. Бұл ашықтық пен шешім қабылдаудағы ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге көмектеседі.
Ережеге сәйкес бірінші кезеңде тек сценарийлер мен сценарий жоспарлары қабылданады. Екінші кезеңде құжаттар топтамасының толық сәйкестігі тексеріледі. Ал ашық қорғау мен питчинг кезеңі онлайн көрсетілім арқылы өтеді.
Конкурс нәтижесінде мемлекеттік қолдау тапқан жобалардың 70 пайызы жас режиссерлердің туындылары екені ерекше қуантады.
Сапалы, сауатты фильмдер түсіргісі келетін авторларға сәттілік тілеймін!" - деді министр.