15 сәу, 2026 сағат 12:25

Ақмола облысында суррогат анаға қатысты дау: сот шешімі қайта қаралды

Stock Photo 

Ақмола облысында суррогат ана мен ерлі-зайыпты арасындағы дау сотта қаралып, іс ішінара ғана қанағаттандырылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, ерлі-зайыпты 2024 жылы суррогат ана қызметіне жүгініп, азаматша Д.-мен келісімшарт жасасқан. Шарт бойынша екі рет ұрықтандыру әрекеті жоспарланған. Алайда алғашқы әрекет нәтижесіз аяқталса, екіншісі Д.-ның келмеуіне байланысты мүлде өтпей қалған.

Осы аралықта ерлі-зайыпты суррогат анаға 500 мың теңгеден астам қаражат аударған. Кейін олар эмбрионды сақтау туралы келісімді тоқтатып, сотқа жүгінеді. Талапта жұмсалған шығынды қайтару және моральдық зиянды өтеу сұралған.

Бірінші сатыдағы сот талапты ішінара қанағаттандырып, 550 мың теңге материалдық шығын мен қосымша шығыстарды өндіруді, сондай-ақ 500 мың теңге моральдық өтемақы төлеуді міндеттеген.

Алайда облыстық сот бұл шешімді өзгертіп, моральдық зиянды өтеу бөлігін алып тастады. Соттың пайымынша, жауапкер тек қаржылық міндеттемелерді бұзған, ал моральдық зиян келтіргені дәлелденбеген.

Сонымен қатар, эмбрионның жойылуына суррогат ананың қатысы бары да расталмады. Бұл шешімді ерлі-зайыпты өздері қабылдаған.

Қорытындысында, сот Д.-ны тек материалдық шығынды өтеуге міндеттеді. Шешім заңды күшіне енді.