Фото: Polisia.kz
Ішкі істер министрлігі Ақтөбе облысында бопсалаумен айналысқан екі қылмыстық топтың ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ведомствоның мәліметінше, наурыз айында полицейлер жедел ақпаратты іске асыру барысында Хромтау қаласында әрекет еткен топты анықтаған. Қылмыстық орта өкілдері шахтерлерді қорқытып, күш қолдану арқылы ақша бопсалаған. Алайда жәбірленушілер құқық қорғау органдарына шағым түсірмеген.
Жедел қызметкерлер күдіктілерді толық анықтап, қажетті дәлелдерді жинағаннан кейін барлық қатысушыларды бір мезетте ұстау операциясын жүргізді. 20 санкцияланған тінту барысында ақша мен басқа да айғақ заттар тәркіленді.
Сондай-ақ осыған ұқсас қылмыстық әрекеттер Ақтөбе қаласында да тоқтатылды. Мұнда полиция көңіл көтеру орындарына бағытталған бопсалаушылар тобын әшкерелеген. Қаскөйлер күш қолдану және күзет қызметкерлеріне қысым көрсету арқылы өздерінің заңсыз «қорғауын» мәжбүрлі түрде ұсынған.
Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

