03 сәу, 2026 сағат 16:23

Ақтөбеде қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды

Фото: ашық дереккөз

Ақтөбе қаласында «Harmony Rider Technology» (HRT) қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.

Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті тергеген. Тергеу мәліметінше, 2024 жылы бір топ тұлға өзін шетелде электросамокаттарды сатып алып, жалға берумен айналысатын халықаралық компания ретінде таныстырып, қаржы пирамидасын ұйымдастырған.

Алайда шын мәнінде салымшыларға төленетін табыс жаңа қатысушылардан тартылған қаражат есебінен қалыптасқан. Азаматтарды тарту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнама жүргізіліп, офлайн кездесулер мен таныстырылымдар ұйымдастырылған. Сонымен қатар, заңды қызмет әсерін қалыптастыру мақсатында Ақтөбе қаласында кеңсе жалға алынған.

Салым көлемі 350-ден 20 мың АҚШ долларына дейін болған. Ал уәде етілген табыс тәулігіне 12-ден 690 долларға дейін жеткен.

Қаражатты заңдастыру үшін ұйымдастырушылар криптоәмияндарды пайдаланып, қаражатты айналымға шығарып, кейін айырбастап, банк шоттарына аударып отырған.

Нәтижесінде 115 салымшыдан жалпы сомасы 197 млн теңгеден астам қаражат тартылған. Заңсыз табысқа үш автокөлік сатып алынып, оның бірі туысының атына рәсімделген.

Сот үкімімен ұйымдастырушылар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, үш автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.