Фото: видеодан алынған скрин
Ақтөбе облысында браконьерлерді қолға түсірді. Байғанин ауданында жүргізілген рейд кезінде заңсыз аңшылық фактісі анықталды: автокөліктен 14 киіктің ұшасы табылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Полиция көлікті тексергенде мотоцикл және жануар ұшаларының қоса сақталғанын анықтады. Көлікте отырған Атырау облысының үш тұрғынынан 12 калибрлі аңшы мылтығы, рация, дүрбі және пышақтар тәркіленді.
Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жануар түрлерімен заңсыз айналысу» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, жақында Батыс Қазақстан облысының Тасқала аудандық сотында жергілікті тұрғын киік мүйізін заңсыз сақтағаны үшін бір жылға бас бостандығынан шектеу жазасын алды.
