27 қаң, 2026 сағат 10:46

Ақтөбеде психотроптық заттарды заңсыз сатқандар сотталды

Фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде сот психотроптық заттардың заңсыз айналымымен айналысқан жергілікті тұрғынға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Ult.kz.

Тұрақты жұмыс орны жоқ ер адамның интернет-ресурстар мен Telegram мессенджері арқылы белгісіз тұлғалармен сөз байласқаны анықталды. Ол қала аумағында «жасырын орындар» (бетпе-бет келмейтін әдіс) арқылы психотроптық заттарды өткізуді ұйымдастырып, әрбір салынған зат (закладка) үшін ақы алып отырған. 

Сот кінәлі адамға жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Көлік прокуратурасы есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымы үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді және азаматтарды қырағы болуға шақырды.