27 ақп, 2026 сағат 14:42

Ақтөбеде жүкті болған оқушы: бақылауда болған қыз неге қорғалмаған?


Фото: freepik


Ақтөбеде кәмелетке толмаған қыздың жүкті болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция жасөспіріммен жыныстық қатынас жасау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастап кетті, деп хабарлайды Ult.kz.


Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазір заңнамаға сәйкес барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қамтамасыз етілген. Іс облыстық деңгейде ерекше бақылауға алынған.


Ал облыстық білім басқармасы бұл оқиғаға дейін қыздың профилактикалық есепте тұрғанын мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, жасөспірім түнгі рейдтер кезінде бірнеше рет ұсталған. Ата-анасына ескерту беріліп, оқушымен жеке жұмыс жоспары жасалып, бақылау орнатылған. Дәл сол кезеңде оның жүкті екені анықталған.


Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде өгей атасы тарапынан зорлық көріп, жүкті болған оқушы қыздың ісі қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. 64 жастағы ер адам сот үкімімен 21 жылға бас бостандығынан айырылған.

Қазіргі жағдай тағы да кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі, отбасы мен мектептің жауапкершілігі, профилактикалық жұмыстың тиімділігі туралы өткір сұрақтарды алға шығарып отыр.