10 жел, 2016 сағат 13:33

Александр Винокуров «ЭКСПО-2017» көрмесіне 10 билет сатып алды

Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесінің билеттерін сататын кассалар ресми түрде ашылды.

Олимпиада чемпионы Александр Винокуров пен ғарышкер Айдын Айымбетов «ЭКСПО-2017» кассаларының ресми ашылуында болып, билеттер сатып алды. Винокуров достары мен отбасына арнап 10 билет сатып алды.

«Мен нақты қай күні келе алатынымды білмеймін, сол себепті билетті демалыс күндердің біріне арнап сатып алдым. Ата-анама, отбасыма, достарыма арнап 10 билет алдым. Еуропада балаларға жазғы демалыс басталған кезде, яғни, маусым-шілде айларының бірінде келеміз деп ойлаймын. Біздің «AstanaTeam» командамыз ЭКСПО-ның елшісі саналады, сондықтан біз міндетті түрде келеміз», - дейді велошабандоз.

Александр ұйымдастырушыларды әрқашан қолдау қажеттігін айтады. Оның айтуынша, шет елдерде жүрген кезінде Қазақстанда «ЭКСПО-2017» көрмесі өтетінін көпшілігі біледі екен.

Өз кезегінде ЭКСПО-ның құрметті елшісі, ғарышкер Айдын Айымбетов 2017 жылы көрмеге миллиондаған қонақ келеді деп есептейді.

«Көрмені көпшілікке насихаттау – елшілерге жауапты міндет жүктейді. Мұндай іс-шара үлкен жаңалықтың белгісі. Біріншіден, ішкі нарықта жаңа жұмыс орындары пайда болады, инфрақұрылым жаңарады, қонақ үйлер, жаңа үйлер тұрғызылады. Бұның бәрі Қазақстанның халықаралық нарықта беделін арттыра түседі. Біз көрмеге милиондаған адамдар келеді деп күтеміз. Тарихқа көз жүгіртсек, ең алғашқы ұялы телефон мен компьютерлер ЭКСПО көрмесі арқылы өмірге жол тартты. Мен қазір ашық күндердің біріне арнап билет сатып алдым», - дейді ғарышкер.

«Қазпочта» АҚ қаржы және агенттік қызметтер бөлімінің басшысы Айнұр Күнхажаеваның айтуынша, сатылым басталған күннен бері 500 билет өтіп үлгерген. Ұйым халықты шақыру һәм тарту бойынша орасан жұмыстар атқарып жатыр. Жақын күндері сатылымды жүзеге асыратын қосымша 2,5 мың бөлімше ашылмақ.

«Біз, ең алдымен, үлкен жоба жасадық. Сатылымды жарнамалаймыз, сосын үлкен кештер мен шараларда толық ақпарат беріп, таратамыз. Сол себепті, бұл бағытта жақсы ықпалдастық орнаттық деп айтуға болады. Қарамағымызда 3 мың бөлімше бар, ал бүгін соның 1 мыңы жұмыс жасап тұр. Билеттерді 3 мың оператор сатады(әр бөлімшеде үшеуден). Көрме басталғанша, әлі 2,5 мың бөлімше ашамыз деген ой бар», - дейді ол.

Сонымен қатар, билеттерді ҚР Конституция Күні мен Астана күні, көрменің ашылу және жабылу күндерінен бөлек, қай күнге ыңғайлы, сол күнге арнайылап алуға болады. Ал, жоғарыдағы ерекше 4 күнде тек сыйлы билеттерге ие болған құрметті қонақтар ғана кіре алады.

Астанадағы негізгі сатылым бөлімшесі «Керуен» ОСО-да орналасқан. Қосымша касса - «Хан-Шатыр» ойын-сауық орталығында.

Ал, Алматы шаһарында билеттерді "MEGA Alma-Ata" және "MEGA Park" орталықтарынан алуға болады.