Фото: amacumara.ru
Жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы Ult.kz-те.
Тамыз айында әлемге әйгілі поп жұлдыз Дженнифер Лопес Астанада концерт береді дегелі қоғам дүрлігіп сала берді. Алдымен Джей Лоның концерті Үкімет деңгейінде айтылып, елге 15 мыңнан астам турист келеді, экономикалық әсері 6,5 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін деп болжанды.
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің өзі: «Қазақстанды осындай концерттер үнемі өтетін мекенге айналдыру үшін бұл жұмысты жалғастыру қажет. Үкімет тарапынан тиісті қолдауды көрсетеміз», – деп уәде берді.
Кейін концерт билеті сатылымға шығысымен, билет сататын Ticketon.kz сайтына бір мезетте 50 мың адам кіріп, сайт жүктемесі мұнша қолданушыны көтере алмай, ақау шықты. Артынша бұл жағдайға Ticketon.kz негізін қалаушы Алексей Ли түсініктеме беріп, жағдайды реттегендерін айтты.
Сондай-ақ, Дженнифер Лопестің Астанадағы концертін өткізуге жауапты продюсер Малик Хасенов Қазақстанда алдағы үш жыл ішінде әлемдік деңгейдегі 10 жұлдыздың концерті ұйымдастырылатытынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Дженнифер Лопес 2025 жылдың 1 тамызында алғаш рет Қазақстанға келіп өнер көрсетеді. Ол біздің елді өзінің әлемдік Up All Night турнесіне қосқан. Концерт «Астана Арена» стадионында өтеді.
Әлемдік жұлдыздардың түрлі турнелеріне арнайы шет елге барған адам ретінде глобалдық деңгейдегі жұлдыздың біздің елімізде концерт беруі қаншалықты пайда, қандай қиындықтары болуы мүмкін екеніне өз пайым-көзқарасымды жеткізейін.
ПАЙЫМ
Өз басым мұндай шаралардың біздің елде өткенін қуанышпен қолдаймын. Бұған дейін ресейлік, украиналық жұлдыздарды, дәуірі өтіп тұрғанда ешқашан Қазақстанға ат басын бұрмаған, сұранысы басылған түрлі шетелдік әншілерді қарсы алдық. Енді әлемдік деңгейдегі ТОП жұлдыздар арқылы жан-жақты абырой жинайтын уақыт келді. Өнерден бұрын бұл бизнес, әрі имидж. Сол себепті бұл еліміз үшін аса қажет қадам.
Әлемдік деңгейдегі концерт бір кештік шара болғанмен, екі-үш күндік туризм табысымен пара-пар. Сүйікті әншісін өз көзімен көріп, жанды дауыста естіп, әр қозғалысын, әрекетін бақылап, сүйсінгісі келетін фанат өнер иесі қай елде концерт берсе де сол жерден табылуға дайын.
Мәселен өзім Лос-Анджелеске, Сингапурға, Бангкок, Абу-Дабиге арнайы тек қана концерт үшін барғанмын.
Фото: Динара Болаттың жеке мұрғатынан
Фаворит орындаушыңның концертіне бару қазір туризмнің бір түріне айналды. Сондықтан келешекте Астанадан басқа жақын жерде концерт бермейтін жұлдыздарды көру үшін көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Украина, Ресейден де тыңдармандар келетіні хақ. Бұған 2023 жылы Бакуде ғана концерт берген Imagin Dragons тобының тәжірибесі дәлел.
Әдетте бұл процесс алдын ала концертке билет сатып алудан бастап, ол елге жететін әуе билеті, сол қаладағы концерт өтетін жерге жақын орналасқан қонақ үйді броньдау, қаладағы кофейня, мейрамханаларынан тамақ ішу, жаңа қалаға барып тұрып көруің керек қызықты, танымдық жерлерді белгілеу, қоғамдық көлік, таксимен жету маршруттарын сызу секілді әрекеттерден тұрады. Бір қалада әлемдік деңгейдегі концерт өтеді деген сөз ‒ сол күндері тұрғындардың кемі 30-35 пайызы бұл шарамен байланысты болады дегенді білдіреді.
Фото: Динара Болаттың жеке мұрғатынан
Алайда біз әзірге табыс туралы айта алмаймыз. Себебі Дженнифер Лопес концертінің пиар компаниясы басталмай жатып, билеттің көпшілігі өз қазақтарымызға сатылып кетті. Дегенмен осы шарадан абыроймен өтсек алдағы уақытта түрлі елден қонақтар қарсы алатын мүмкіндігіміз бар. Тек сол кезде Астана түрлі қалта мүмкіндігімен қонақтарды қарсы алуға дайын болуы керек. Себебі, бізге The Ritz-Carlton, Rixos, Sheraton секілді жоғарғы санаттағы қонақ үйлерге оңай ақша төлейтін АҚШ, Еуропа азаматтары емес, орташа табысты көрші ел адамдары келеді. Ал менің байқауымша Астана қаласында қолжетімді баға ұсынып, үлкен туристік ағынға сәйкес нөмірлік қоры жеткілікті қонақ үйлер өте аз.
Екінші негізгі мәселе, концерт өтетін Астана Аренаның мүмкіндігі мен ол жердегі шараның дұрыс ұйымдастырылуы. Әдетте Дженнифер Лопес өз концерттерінде визуалды, эмоционалды әсер қалдыру үшін барын салады. Бұл мега жүлдыз үшін ‒ эффект, шоу басты сөз. Джей Ло қалайтын нәтижені қамтамасыз ету үшін Астана Аренада мультидеңгейлі сахналар, айналмалы платформа, тік көтерілетін лифт, жоғарғы рұқсаттағы анимациялық LED экрандар және т.б. озық технологиялық мүмкіндіктер болуы шарт. Мұның барлығын бірдей бұған дейін Астана Аренадан байқаған емеспін. Бірақ көрерменін сыйлайтын, өзіне, өнерге талғамы зор жұлдыздардың арқасында арена бір жабдықталып қалады деген үміттемін.
Алдағы уақытта Астанада көптеген әлемдік жұлдыздардың концерті өтеді деп болжанып отыр. Шілдеде Астанада өтетін Дженнифер Лопестің концертінен бюджетке түсетін табыс туралы айту әлі ерте. Табыс болмауы да мүмкін. Дегенмен мұндай ауқымдағы мәдени шара біздің ел үшін теңдессіз тәжірибе. Әзірге бізге келгелі жатқан жұлдыздардың жанкүйерлері орта жаста. Ал нағыз жастардың сұранысы K-pop әртістері. Ол санаттағы орындаушылар бізге назарын бұруы үшін бұл әдемі бастама. Сондықтан, бұған дейін бізді аса танымағандар Астананы Орта Азиядағы мега ауқымды сахнаның бірегейі деп танитын имидж қалыптастыру үшін осы шарадан абыроймен өту бұйырсын.
Динара Болат