Фото: ашық дереккөз
Алматы облысында алимент төлеуден жалтарғандарға қарсы шаралар күшейді. Прокуратура мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы үш айында 500 млн теңге алимент берешегі өндірілген, деп хабарлайды Ult.kz.
Балаларын асыраудан әдейі бас тартқан 13 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оның үшеуі сотталып, нақты жаза алды, ал қалғандары бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Сонымен қатар, 107 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың 95-і 5 тәулікке дейін қамауға алынды.
Балалардың пайдасына жалпы құны 32 млн теңге болатын 8 мүлік нысаны қайтарылды. Олардың қатарында жер учаскелері, тұрғын үйлер мен автокөліктер бар. Мәселен, борышкерлердің бірі қарызын өтеу үшін құны 7,5 млн теңгелік жер телімін тапсырған.
Прокуратура алимент төлеу – тек заң талабы емес, баланың құқығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ететін маңызды міндет екенін атап өтті.
Алименттен жалтарған әрбір жағдай заң аясында қатаң бақылауға алынып, тиісті шаралар қолданылады.
