07 сәу, 2023 сағат 17:14

Алмат Кебіспаев неге жас балуандарға жол бермей жүр – Федерация жауабы

Фото: instagram.com/kazakhstan__wrestling

Қазақстан күрес федерациясының Бас хатшысы Димаш Сұлтанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде 1987 жылғы Алмат Кебіспаев неге грек-рим күресінен 76 келі салмақтағы жас балуандарға жол бермей жүргенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Грек-рим күресінен бақ сынайтын балуандарымыздың орташа жасы 29 жас екенін айттыңыздар. Алмат Кебіспаев спартакиадада да жеңіске жетті. Неге оның салмағында нәтиже төмендеп кетті, оны жеңетін жас балуандар неге шықпай жатыр?» - деп сұрады БАҚ өкілі.

Федерация Бас хатшысының айтуынша, бұл салмақтағы негізгі балуан жарақатына байланысты былтырдан бері күрес кілеміне шыға алмай жүр. Сондықтан, бұл жолғы Азия чемпионатында сенім тәжірибелі Алмат Кебіспаевқа артылып отырған көрінеді.

«Нәтиже төмендеп кетті деп айтуға болмайды. Өйткені, Алматтың тәжірибесі өте мол. Жыл басындағы спартакиадада көрсеткен нәтижесі – тек еңбектің арқасы. Оны бәрімізге мойындау керек. 67 келі салмақта Мейіржан Шермаханбет деген балуанымыз бар. Өкінішке қарай, былтырдан бері жарақатына байланысты үлкен жарыстарға қатыса алған жоқ. Әлі емделіп жатыр. Бірақ, биылғы Әлем чемпионатына дейін жарақаты жазылып, қайтадан сапқа қосылады деп сенеміз.

Ал, басқа күрес түрлеріне келсек, еркін күрес шербелерінің арасында жас балуандар өте жақсы нәтиже көрсетіп, осы Азия чемпионатына қатысып отыр. Жастар өсіп келеді», - деді Димаш Сұлтанов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 9-14 сәуір аралығында Астанада грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өтетін 36-шы Азия чемипонатына құрлықтың 24 елінен 300-ден астам балуан қатыспақ.