20 нау, 2026 сағат 11:11

Бүгінде елімізде 11 ұлттық спорт түрі дамып келеді

Фото: Aikyn.kz

Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күні ретінде атап өтіледі. Бұл күн ұлттық спорт түрлерін дәріптеп, оларды заманауи үрдістермен ұштастыру арқылы ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған деп хабарлайды Ult.kz.

Қазіргі таңда республика бойынша 16 555 ұлттық спорт үйірмесі жұмыс істейді. Сондай-ақ кадр даярлау бағытында 15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен 17 спорт клубы қызмет көрсетуде.

2025 жылдың маусым айында күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясына сәйкес, ұлттық спорт түрлері олимпиадалық және паралимпиадалық спортпен қатар басым бағыттардың қатарына енгізілді. Бұл сала өкілдеріне мақсатты қаржыландыруға жол ашып, жоғары жетістіктер спорты деңгейінде дамуына мүмкіндік береді.

Бүгінде елімізде асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу және тоғызқұмалақ сынды 11 ұлттық спорт түрі дамып келеді. Оның ішінде төртеуі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген.

Жыл сайын «Ақбидай» ауыл спорт ойындары, «Қазақстан барысы» турнирі, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі және этноспорт фестивальдері ұйымдастырылады.

Айта кетейік, 14–23 наурыз аралығында өтетін Наурызнама онкүндігі кезінде ел бойынша 747 спорттық-бұқаралық іс-шара жоспарланған. Оларға шамамен 150 мың адам қатысады. Іс-шаралар ауылдық округтерден бастап, аудан, қала және облыс орталықтарына дейін барлық өңірде өтеді.