28 сәу, 2020 сағат 12:37

Алматы – Нұр-Сұлтан әуе рейсінің жолаушылары карантинде болмайды

Алматы-Нұр-Сұлтан әуе рейсінің жолаушылары карантинге жатқызылмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздің бас мемлекеттік санитарының қаулысында мұндай шара қарастырылмаған. Әрбір азамат өзінің тұрғылықты жерінде ПТР тестілеуден өтуі керек. Бұл анықтама 7 күнге дейін жарамды. Қолында анықтамасы бар адам Алматыдан, Нұр-Сұлтанға барып кері қайта алады. Оларға карантин болмайды», - деді брифинг барысында Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар, ол жолаушы міндетті түрде маска тағу керектігін атап өтті. Ұшақ қонғаннан соң термометрия жасалады.

«Екі күндік карантинге Теңіз вахталық қалашығынан және шетелден келген жолаушылар ғана алынады», - деп толықтырды ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы арасындағы әуе рейстерінің кестесі және тест өтуге болатын зертханалардың мекенжайы мен телефоны жарияланды.