27 жел, 2022 сағат 09:48

Алматы облысында такси жүргізушісін 37 жерден пышақтап өлтірген күдікті ұсталды

Фото: zanmedia.kz

Алматы облысы Талғар ауданының полицейлері такси жүргізушісіне 37 рет пышақ сұғып өлтірген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

17 желтоқсанда полицияға Кеңдала ауылының шетінде ер адамның мәйіті табылғандығы туралы хабарлама түскен.

«Іздеу жұмыстары кезінде, 18 желтоқсан күні сағат 4:00 шамасында Кеңдала ауылының шетіндегі айналма жолдың бойынан, 1200 метр қашықтықта азамат С-ның денесі табылды. Тексеру кезінде денесінің әр жерінен 37 пышақ жарақаты бары анықталды. Сол маңнан марқұмның көлігі де табылды», - деп хабарлады ведомстовадан.

Белгілі болғанындай, күдікті қылмысты алдын ала және мұқият ойластырып қойған. Шабуыл жасаушы бір реттік абоненттік нөмірді, ұялы телефонды пайдаланған, адам өлтіруге болатын тыныш жерді таңдаған.

«Кісі өлтірді деген күдікті 24 желтоқсан күні кешке Алматыдағы Сейфуллин көшесінде «Мега» сауда орталығы ғимаратына қарама-қарсы жерде ұсталды. Ұсталған Ж. кісі өлтіруді қасақана жасағанын мойындады», - делінген полиция хабарламасында.

Күдікті Талғар аудандық полиция басқармасының уақытша тергеу изоляторына қамалды. Қылмыс кезінде киген қан іздері бар киімі мен бәкі тәркіленді. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне қарай жария етуге жатпайды.