10 нау, 2023 сағат 11:33

Алматы облысындағы арнайы операция: есірткі зертханасы анықталды

Фото: Polisia.kz 

Алматы облысының полициясы кезекті есірткі зертханасын анықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері Еңбекшіқазақ ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, Бөлек ауылының аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде синтетикалық есірткі құралдарын өндірген зертхананы анықтаған.

"6 наурызда арнайы операция жүргізу кезінде Қарағанды облысының тумасы, 29 жастағы күдікті ұсталды. Тінту барысында үй аумағынан шыны колбалар түріндегі жабдықтар, кристалды нысандағы ақ түсті заттары бар науалар және прекурсорлары бар 15 канистр табылды және тәркіленді. Дерек ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі белгілері бойынша Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының СДТБТ-да тіркелді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды", – деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.

Фото: Polisia.kz

Қазіргі уақытта процессуалдық шешім қабылдау үшін бірқатар сараптама тағайындалған.

Сондай-ақ, полиция ұсталған адамның 2022 жылғы желтоқсанның басында Telegram арнасында есірткі өндірумен байланысты жұмыс ұсынған белгісіз адаммен танысқанын атап өтті. Ұсынысқа келісіп, 2022 жылғы желтоқсанның аяғында Алматы облысының аумағына келген. 2023 жылдың қаңтарынан бастап ол Бөлек ауылына қоныстанып, өзінің заңсыз қызметін жүзеге асырған.